Жамбыл жаңалықтар

Вакциналау деңгейі жоғары аудандарда індет жұқтыру төмендеген

Вакциналау деңгейі жоғары аудандарда індет жұқтыру төмендеген

Жамбыл облысында 6-13 шілде аралығында COVID-19 ауруының өсуі байқалған. 13 маусымдағы мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша 10 381 адам инфекция жұқтырған. Тек соңғы тәуліктің өзінде КВИ 52 адамнан расталды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал сараланды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласында инфекцияның жоғарылау деңгейі байқалады. Басқарма басшысы 582 мың жамбылдықты вакцинациялау жоспарланып отырғанын атап өтті. Бүгінгі күні жоспар 41,5 пайызға орындалған.  Басқарма басшысы вакцинация қарқыны жоғары аудандарда эпидемиологиялық ахуалды қалыпқа келтірудін тұрақты үрдісі байқалғандығын айтты. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның жаңа кезеңінің қауіптілігі туралы ескертуде. Біз барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Өткен қателіктерді ескеріп, оларға қайта жол бермеу бойынша жұмыс жасауға тиіспіз», - деді облыс әкімі. Аймақ басшысы төсек-орындарды дайындауды, дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының қажетті қорын қалыптастыруды, керекті құрал-жабдықтарды сатып алуды, қолданыстағы ӨЖЖ-аппараттарының жай-күйін тексеруді тапсырды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев мобильдік топтардың шектеу шараларының сақталуын бақылау бойынша жұмыстары ойдағыдай орындалмай отырғанын жеткізді. «Соңғы күндері Сарысу, Мойынқұм, Жуалы аудандарында рейдтер қорытындысы бойынша карантиндік шектеулердің бірде-бір бұзылуы анықталмаған. Бұлай болуы мүмкін емес. Кез келген сауда орталығына барсаңыз, сатушылар да, сатып алушылар да бетперде тақпайтынын көресіздер. Бизнес нысандарының қызметкерлері тұрғындардан бетперде тағуды талап етіп, антисептиктер ұсынуы керек. Егер кімде-кім санитарлық нормаларды сақтағысы келмесе, оларды жауапкершілікке тарту қажет», - деді облыс әкімі.