Жамбыл жаңалықтар

«Заң және тәртіп»: мектеп – әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы тиіс

Жамбыл облысында білім беру саласында соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қоғамдық пікірде «мектеп – білім беретін ғана емес, әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы керек» деген ұстанымның орнығуы өңір мектептеріндегі өзгерістерге ерекше серпін берді.

Бүгінде облыс бойынша мектептердің 100%-ы бейнебақылау жүйесімен қамталып, олардың көпшілігі ішкі істер органдарына тікелей қосылған.

Бұл оқушылардың қауіпсіз қозғалысын бақылап, кез келген тәуекелдің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде вахталық бақылау күшейтіліп, кіру жүйелері кезең-кезеңімен цифрландырылуда.

Жамбыл өңірінде балалардың психологиялық қауіпсіздігіне де басымдық берілуде. Мектептердегі психолог мамандардың жұмысы қайта қаралып, кибербуллинг, буллинг пен агрессияның алдын алу бағытында арнайы бағдарламалар енгізілді. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тренингтер өткізіліп, оқушылар арасындағы жанжалдарды ерте анықтау әдістері жетілдірілуде.

Сонымен бірге, облыс көлемінде инклюзивті білім беру ортасының дамуы балалардың кез келген әлеуметтік, физикалық ерекшелігіне қарамастан мектепте өзін еркін сезінуіне жағдай жасайды. Бүгінде Жамбыл облысындағы көптеген мектепте инклюзивті кабинеттер жұмыс істеп, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілуде. Соның бір дәлелі – былтыр, яғни 2024 жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей тапсырмасымен жаңадан құрылған – облыстық психологиялық қолдау орталығы. Білім басқармасына қарасты жаңадан құрылған орталық бала қауіпсіздігіне қарасты бірқатар тиімді әрі ауқымды шараларды қолға алып келеді.

Баланың қауіпсіздігі – тек мектептің ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі.