Жамбыл жаңалықтар

Жұлдыздың тұңғыш жыр жинағы жарық көрді

Жұлдыздың тұңғыш жыр жинағы жарық көрді

Топырағы текті, даласы дастан Талас ауданы, Үшарал ауылының тумасы, талантты ақын, оныншы халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Жұлдыз Бейсектің «Іңкәр-Ғазал» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында өткен жыр жинағының тұсаукесер рәсіміне өңірдің қаламгерлерлері қатысып, ізгі лебіздерін жеткізді.

Өлеңсүйер көпшілікке Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qalamger» баспасынан екі мың дана болып жол тартқан жинақ авторы Жұлдыз Бейсек алғашқы кітапты әдебиетті жанындай сүйген, бес күндік жалғаннан жасындай жарқылдап өте шыққан өзінің туған сіңілісі Іңкәр Асқарқызының рухына арнапты.

 width=

"Мен Тараздың топырағында жүремін,

Жиһанкез боп жаһан кезіп кетсем де.

Басым сенен үлкен емес, өлеңім,

Өмірімнің жұмбақ кілті – тек сенде" – деп жан сырын жауһар жырмен кестелеген Жұлдыздың қуанышымен бөлісуге оның тырнақалды туындыларының жарық көруіне алғаш рет ат салысқан жазушы-драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман, ақындар Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров, Табиғат Абаилдаев, Есет Досалылар, облыстық «Jambyl» телеарнасы бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, өлеңсүйер қауым қатысты.

Шараның облыстық «ARAI» газеті «Мәдениет және әлеумет» бөлімінің редакторы, ақын Нұржан Қадірәлі ашып, жүргізіп отырды.

Жиында Елен Әлімжан алғаш сөз тізгіндеп, Жұлдыз Бейсектің шығармашылықтағы алғашқы қадамдарын тілге тиек етіп, ағалық ақ батасын берсе, аталған қонақтар ақынның шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыс тіледі.

 width=

Шара барысында күміскөмей, жезтаңдай өнер иелері Сұлужан Әбенова, Ғани Мәтебаевтар ақынның сөзіне жазылған әсем әндерді шарықтата шырқады.

Арнайы түсірілген бейнеролик арқылы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметованың Жұлдыздың жинағына айтылған толғамды пікірі тыңдалды. Жуырда облыстық «Jambyl»  телеарнасынан ақындарға арналған жаңа «Жансусар» хабарын жүргізіп жүрген Жұлдыздың өзі де лирикалық жырларын оқыды.

Шара барысында жазушы-драматург Елен Әлімжан мен ақын Ербол Қамбатыров, Хамит Есаман жаңа жинақты тұсауын кесті.

  Айсана Нұрбап