Жамбыл жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтар жылы: Өңірлік штаб отырысы өтті

Жиында күн тәртібіндегі бірқатар мәселе қаралды

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылатын іс-шараларды үйлестіру жөніндегі штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Басқосуға облыстық білім, ақпарат және қоғамдық даму, сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, штаб мүшелері қатысты.

Алғаш болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков бекітілген жоспардың орындалу барысы туралы баяндады. 

- Жоспарда 6 бағыттан тұратын 123 ірі іс-шара қарастырылған. Оның 74-ін өткізуге білім басқармасы жауапты болып бекітілген. Бүгінгі күні 63 іс-шара толық орындалып, 9 іс-шара ішінара орындалды. Қалған 2 іс-шараны жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде, - деді Нұрбек Оршыбеков.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан жеті тармақ бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев айтты.  

Сонымен қатар ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында жүргізілген ақпараттық-насихат жұмыстары туралы есеп берді.

Жиында бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтарына қатысты айтулы даталарда арнайы іс-шаралар ұйымдастыру, АЭС – ке қажетті кадрлерді даярлау бойынша нақты шешімдер қабылданатыны айтылды.

Жиынды қорытындылаған Серік Сәлемов басқармалар тарапынан атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды насихаттау жағы кежелеп тұрғанын айтып, бұл бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керектігін еске салды.