Жамбылға Энергетика вице-министрі жұмыс сапарымен келді
Шенеунік қаладағы жылыту нысанымен танысты
Жамбыл облысына Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Вице-министр алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне ат басын бұрды. Онда Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша жиын өтіп, экономикалық саясаттың жаңа бағыттары мен салық жүйесіндегі жаңашылдықтар кеңінен талқыланды. Аталған жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізді.
Жиында сөз алған вице-министр экономикалық саясаттың негізгі мақсаты тұрақты өсуді қамтамасыз ету, қолайлы бизнес орта қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екеніне тоқталды. Бұл бағытта мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беріп, салық және қаржы тетіктерін жетілдіруге айрықша назар аударып отырғаны айтылды. Сонымен қатар тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында тарифтік саясатты жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны сөз етілді.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар тауарлық және сұйытылған газ өндіру саласындағы шығынды азайтып, өнімнің өзіндік құны деңгейіне жеткізуге бағытталған. Мысалы, газ зауыттарында бір тонна газды өндіру құны шамамен 80 мың теңге болса, нарықта ол 64-65 мың теңгеден сатылады, яғни әр зауыт тоннасына 15-20 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды. Осыған байланысты Үкімет пен ұлттық компаниялар зауыттардың инфрақұрылымын жаңғыртуға және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетуде.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қалдыбай Мүслім баяндама жасап, табиғи монополиялар саласындағы басты мақсат тұтынушылар мен қызмет көрсетушілердің мүдделер теңгерімін сақтау екеніне тоқталды. Ол бұл бағытта жүзеге асырылып отырған тарифтік саясат пен мемлекеттік реттеудің нақты құқықтық тетіктері жайын әңгімеледі. Соңғы жылдары энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесінде қызмет сапасы артқанын, апаттар азайғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2020 жылдан бері «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты салаға қосымша қаржы тартуға мүмкіндік берген. Бұл ретте облыста «Жамбыл электр жүйесі», «Тараз энергия орталығы» және «Жамбыл су» сияқты табиғи монополия субъектілеріне жататын кәсіпорындардың кәріз, ауызсу, жылу секілді желілерінде тозу жағдайы болғанымен, аталған инвестициялық бағдарлама арқасында оның деңгейі біртіндеп төмендетуге бағытталғанын айтты.
Бұдан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев секілді басқа да салалық министрлік өкілдері қатысушыларға еліміздің қаржы-экономикалық бағытына енгізіліп жатқан өзгерістердің бизнес пен өндіріс салаларына тигізетін ықпалы, салық мәселесі жайын түсіндірді. Өз кезегінде кәсіпкерлер тарапынан сауалдар қойылып, оларға тұшымды жауап қайтарылды.
Қайырхан Тұтқышбаев жұмыс сапары барысында «Тараз жылу энерго орталығы» акционерлік қоғамына барып, кәсіпорынның қазіргі ахуалына назар аударды. Аталған жылу тарату мекемесінің басшысы Жұмабек Бөлекбаев вице-министрге кәсіпорын жұмысын таныстырды.
Бұл кәсіпорын 2018 жылы сенімгерлік басқаруға беріліп, 2022 жылы қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылған екен.
Қайырхан Серікұлы өз сөзінде кәсіпорынға қолдан келгенінше көмек көрсетілетінін, бұл мәселе Астанада талқыланатынын жеткізді.