Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл ауданында екі елді мекенге таза ауыз су берілді

Өрнек ауылдық округіне қарасты Өрнек және Жұма елді мекендеріне таза ауыз су берілді.

Ұзындығы 55,2 шақырымды құрайтын су құбыры желісінің іске қосылуы нәтижесінде екі елді мекендегі 2782 тұрғын енді сапалы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Мереке қарсаңында пайдалануға берілген нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі бұл жобаның тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
– Таза ауыз сумен қамтамасыз ету – халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартудағы басты міндеттердің бірі. Бұл жоба ауыл тұрғындарының көптен күткен арманының орындалуы, – деді аудан әкімі.

Қайтарылған активтер есебінен жүзеге асқан жобаны «Алихан Ойл-3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Бүгінгі таңда 470 ауланың 282-і үйге дейін таза ауызсуды тартып үлгерді. Айта кетейік, бүгінде Жамбыл ауданындағы 31 елді мекеннің барлығы, яғни 100 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жаңа су құбыры желісінің іске қосылуы салтанатында ауыл тұрғындары да өз қуаныштарын жеткізді.