Жамбыл ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды
Салтанатты шара Ақбұлым ауылында өтті
Жамбыл ауданына қарасты Ақбұлым ауылында жаңа Мәдениет үйі ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында еңсе тіктеген мәдени ошақ 100 орынға шақталған. Жалпы құны 360 млн 865 мың теңгені құрайтын нысанның құрылысын «АКМ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы бастаған. Жалпы аумағы 550 шаршы метрді құрайтын ғимаратта көрермен залы, кітапхана, түрлі үйірмелер өткізетін кабинет бар.
Конституция күніне орай ашылған жаңа нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі, ауыл ардагерлері, тұрғындар және мәдениет саласының мамандары қатысты. Аудан басшысы Ерлан Қыдыралыұлы ақбұлымдықтарды құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Жалпы ауданда 25 мәдени нысан бар. Жыл соңына дейін Қызылқайнар ауылдық округінде де жаңа мәдениет үйі ашылады.