Жамбыл облысына 85 жыл толуына орай классикалық өнер кеші өтті
Аталған саябаққа жиналған қонақтар мен тұрғындардың қарасы көп
Жамбыл облысына 85 жыл толуына орай классикалық өнер кеші өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Күз айы – сезімге толы мезгіл. Сары даладан сағыныш сезіліп, әуен ойнап тұрғандай болатын шақ. Көңіл құсын самғататындай әсерлер күзгі әуен секілді. Сондықтан болар, облыс әкімдігінің ұйымдастырумен, облысымыздың құрылғанына 85 жылдығына арналып Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында өткен «Күзгі әуен» классикалық өнер кешін тамашалап отырып, әдемі күйді бастан кештік. Аталған саябаққа жиналған қонақтар мен тұрғындардың қарасы көп. Олар тікесінен тік тұрып концертті қызыға тамашалады. Неге олай? Себебі...
Бұл жолы Әулиеата топырағына Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі қонаққа келді. Оркестрдің дирижері –Мади Өмірзақов. Концерт аталған симфониялық оркестрдің орындауындағы «Қыз қуу» (Увертюра) шығармасымен басталды. Сахнаға әлем операсының алтын дауыс иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы шыға келгенде көпшілік дуылдата қол соғып, құрметін көрсетті. Әйгілі әнші халық әндері «Бүлдірген», «Гүлдерайымды» керемет шеберлікпен орындады. Әрине, бұл әндерді көпшілік үнемі тыңдап жүр. Дегенмен, классикалық дәрежеде орындайтын басқаша әсер беретініне куә болдық. Танымал әнші жиналған зиялы қауым мен көпшілікті Жамбыл обылсының 85 жылдығымен құттықтап, жылы лебізін білдіруді де ұмытпады. Аталған кешті тамашалауға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов елдің абыройына бөленген әнші Майра Мұхамедқызына гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті.
Айгүл Азатова орындаған «Бұлбұл», Айбек Қанатбек пен Салтанат Жұмаділдаева орындаған «Тербеледі тың дала» әндеріне де көпшілік үлкен ықыласпен тыңдады. Жұмабек Қаңтарбаев орындаған «Даниярдың әні» (Илья Жақанов) шығрамасы да тыңдарманға ой салды.
Сахна төрінен табылған Ғазиза Жұбанов атындағы шекті аспаптар квартеті де жиналған көпшілікке қуаныш сыйлады. Олар Вольфганг Моцорттың, Александр Вивальди шығармаларын орындап, классикалық деңгейде өнер көрсетті. Аталған квартет Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым», Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйлерін орындағанда көпшілік ерекше ризашылық білдірді.
Кеш барысында Муслим Магомедов, Жұлдыз Мұсаева тыңдарманға тамаша әндерін тарту етті. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, дүниежүзілік фестивальдардың жеңімпазы Сүндет Байғожин Жюль Массненің «Иродиада операсынан Иродия ариясын жоғары деңгейде орындаса, осы орындаудағы Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнімен классикалық өнер кеші мәресіне жетті.
Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Бұл күні Тараз аспанын әсем ән тербеді. Күнделікті арзан әндерден жалыққан көпшіліктің жүзінен ризашылық байқалды. Мәселен, Байзақ ауданынан арнайы келген білікті ұстаз, тіл маманы Айнұр Омарова: «Бүгін ерекше жоғары деңгейдегі концерт өтті. Өзіме керемет демалыс сыйлады. Басқа тыңдармандар да үлкен әсерге бөленді деп ойлаймын», – дегенін көпшіліктің алғысы деп бағаладық.