Жамбыл облысынан Атырауға экскаваторлар жөнелтіледі
Техника «Қазсушар» компаниясының облыстық филиалынан алынып отыр
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың тапсырмасы бойынша Жамбыл облыстық «Қазсушар» филиалының экскаваторлары Атырау облысына жіберіледі. Арнайы техника елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін бөгет салып, су арналарын тазарту үшін қолданылады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Нұржан Нұржігітов Атырау облысындағы су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, жергілікті «Қазсушар» мамандары мен әкімдік қызметкерлеріне тасқын суын өткізу бойынша тапсырмалар берді.
Атырау облысына келетін суды «Қазсушар» мекемесінің қарамағындағы Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдары қабылдайды. Бүгінгі таңда каналдарда бос орындар дайындалып жатыр. Атап айтқанда, Соколок каналы 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы 3 млн текше метр, Бақсай каналы 7 млн текше метр және Нарын каналы 4,5 млн текше метр су қабылдай алады.
Бұдан бөлек, Жайықтан келген тасқын суын Каспийге бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазылып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді.