Жамбыл жаңалықтар

Жамбылдан Атырауға тағы да гуманитарлық көмек жіберілді

Жәрдемнің жалпы құны 5 млн теңге

Жамбыл облысынан жеке демеушілер тарапынан су тасқыны болған Атырауға гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды  Jambylinfo.kz

Көктемгі табиғи апаттан еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланған еді. Қазір бұл аймақтарда бүлінген мүлікті бүтіндеу, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Игілікті іске әр өңір атсалысып жатқаны белгілі. Осы орайда Жамбыл облысы кезекті гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерін Атырауға аттандырды. Жауаптылар алдағы аптада Маңғыстау облысына да осындай жәрдем жөнелтілетінін айтты.

Атырау облысына жіберілген жәрдемнің ішінде 500 киім, 200 төсек жабындысы, 180 көрпе бар. Бұл бұйымдар бұрын сотты болып, бүгінгі күні пробациялық есепте тұрған әйелдердің қолымен тігілген. Осылайша жергілікті билік алыстағы ағайынды ғана емес, облыстағы кісен тағылған екі қолға бір күрек таба алмаған жандарды да бірдей жарылқап отыр. 

Айта кетейік, сәуір айында әулиеаталықтардың атынан қызыл сумен арпалысып жатқан Атырау облысының тұрғындарына 70 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмек жөнелтілген еді. Қайырымдылық шарасына облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері, еріктілер, қоғам белсенділері атсалысқан.