Жамбыл облысында 181 нысанның құрылысы жүруде
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдегі құрылыс жұмыстарының қарқыны мен салада туындап отырған өзекті мәселелер жан-жақты сараланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың хабарлауынша, облыста барлығы 181 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 137 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қалған 44-і келесі жылға өтпелі ретінде қарастырылған.
Бүгінге күнге дейін 30 нысан ел игілігіне тапсырылды.

Атап айтқанда, 3 мектеп, 3 денсаулық сақтау нысаны, 12 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы, 3 мәдениет үйі, сондай-ақ 8 тұрғын үй мен 1 «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін 11 білім беру, 6 денсаулық сақтау, 4 спорт және 9 мәдениет нысаны ашылады деп күтілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2025 жылы 13,5 млрд теңге қарастырылды. Жыл соңына дейін 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласында 5 маңызды жобаны жүзеге асыру үшін 1,1 млрд теңге бөлінді.
2025 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 пайызға орындалды. Осы мерзімде 317,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биыл кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 36 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражаттың арқасында 3 805 адам баспаналы болады, оның ішінде 1 865 азамат – халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады.
Атап айтқанда, 14,5 млрд теңгеге 2 550 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үй салынса, оның 50-ін (2390 пәтерлі) жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында республикалық бюджет есебінен 21,5 млрд теңгеге 1 415 жалға берілетін пәтер сатып алынбақ.
Облыс әкімі өз сөзінде құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне қатысты жүйелі мәселелердің бар екенін баса айтты. Осыған байланысты өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлейтін компаниялардың жауапкершілігін заң аясында қарастыруды тапсырды.
Сонымен бірге құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуіне байланысты екі негізгі себепті атап өтті.
Аппаратық кеңес қорытындысы бойынша биыл жоспарланған құрылыс нысандарын бақылап, жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз ету, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған баспаналарды сатып алуды жеделдету тапсырылды.