Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында 34 заманауи спорт алаңшасы пайдалануға беріледі

Биыл өңірде бұқаралық спортты дамыту үшін бюджеттен 418,5 млн теңге қарастырылып отыр

Биыл Тараз қаласы мен аудандарда 34 заманауи спорт алаңшасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Басқосу барысында бұқаралық спортты дамыту шаралары қаралып, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы есеп берді, деп хабарлайды jambylinfo.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

І жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 496 мың адамға жеткен. Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру мақсатында облыстағы 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылған. Жалпы, өңірде 303 спорт нұсқаушысы бар, оның 250-і аудандарда еңбек етіп жүр. Өткен жылмен салыстырғанда спорт нұсқаушыларының саны 23 адамға өскен.

Жалпы, жыл басынан бері салауатты өмірді насихаттау мақсатында  2 300-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 190 мың адам атсалысты. Өңірде спорт нысандары бой көтеріп, ел игілігіне беріліп келеді. Бүгінде 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 14-і биыл, қалған біреуі 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда 34 заманауи спорт алаңшасы қолданысқа беріледі.

Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Қордай, Байзақ аудандарында балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру даярлық клубы бар. Ағымдағы жылы Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандарында аталған клуб ашылады деп күтілуде.

Соңғы мәліметтерге сәйкес халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 64,9 пайызды құрап отыр. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 66 пайызға арттыру жоспарлануда.