Жамбыл облысында «Қазфосфат» компаниясының алып өндірістік кешені салынбақ
Қазіргі таңда Сарысу ауданында ұлттық маңызы бар стратегиялық жобаның құрылысына дайындық кезеңі жүргізілуде
«Қазфосфат» - еліміздің химия және агроөнеркәсіптік саласында маңызды рөл атқаратын компания. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, фосфорит кенін өңдеу, құрамында фосфор бар минералдық тыңайтқыштар өндірумен айналысатын кәсіпорын шаруаларды тұрақты түрде тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, импорттық тәуелділікті төмендету үшін жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Осы орайда химия өнеркәсібінде айрықша орын алатын зауытта баспасөз туры ұйымдастырылып, тілшілер қауымы Қазфосфаттың жұмысымен танысты. Өз кезегінде компания басшылығы алдағы жоспарларымен бөлісіп, өндіріс көлемін арттыру бойынша атқарып жатқан жұмыстарын айтты.
Кәсіпорын жыл ішінде аммофос өндіру көлемін 53 пайызға арттырған. Сәйкесінше, биыл 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар күкірт қышқылын шығару көлемі 300 мың тоннадан асады деп күтілуде. Ал, үш кальцийфосфат өнімін өндіру 2024 жылмен салыстырғанда 61% -ға артпақ.
Зауыт зақымданған жерлерді қалпына келтіру бойынша Тараз қаласы әкімдігімен меморандумға қол қоймақ. Сол арқылы бұрынғы 100 гектарда орналасқан сүзу алаңдарын қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Өндіріс орнында жұмыс істейтін мамандардың жалақысы жылдан жылға жақсарып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда орташа айлық көлемі 60% -ға өскен. Ал, келер жылы еңбек демалысына қосымша төлемді 200 мың теңгеге көтеру көзделуде.

Алдағы жылдары компанияның әлеуеті еселене түседі. Өйткені, бүгінгі күні Сарысу ауданында ұлттық маңызы бар стратегиялық жобаның құрылысына дайындық кезеңі жүргізілуде. Бұл туралы баспасөз туры аясында «Zhanatas Chemical Complex» Бас директоры Ержан Мұқанов айтты. Оның сөзінше, зауыт минералды тыңайтқыштарды өндіретін Қазақстандағы ірі химиялық кешен болады.
Жоба аясында 1200 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Кадрларды даярлау үшін компанияның халықаралық әріптестері әзірлеген оқыту жүйесі, тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылады.