Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында болашақ прокурорлар тәрбиеленуде

Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Салтанатты шараға облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күренкей, Кадрлық жұмыс департаментіндегі Бас Прокурордың аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, университет өкілдері, оқытушылар, студенттер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. 

Аталған алаң студенттерге құқық қорғау саласының ерекшеліктерін тереңірек меңгеруге, тәжірибе жинауға және кәсіби бағдар алуға мүмкіндік береді. 

Іс-шара шеңберінде облыс прокуратурасы мен жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар прокуратура қызметкерлері заң факультетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Рүстем Иманғалиев прокуратура органдарының азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңдылықты қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталды.

Шараның басты мақсаты — жас буынды құқық қорғау саласына баулып, олардың бойында әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру.

Спикер өз сөзінде қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін лудомания мен есірткіге тәуелділік секілді өткір әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударды. Болашақ заңгерлерді Мемлекет басшысы ілгерілетіп отырған «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаларын темір қазық етіп ұстануға шақырды.

Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы №66 жайлы мектепте «Болашақ прокурорлар клубының»салтанатты ашылуы өтті.

Клубтың мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет қалыптастыру және болашақ мамандыққа бағыт беру болып табылады. 

Оқушыларға арналған театрландырылған көрініс көрсетіліп, клуб мүшелері ант қабылдап, оларға арнайы галстуктар табысталды.

Бұл бастама жастардың патриоттық сезімдерін оятуға және заң үстемдігін насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.