Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында дрондар арқылы жол ережесін бұзғандар анықталуда

Жамбыл облысында жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында заманауи технологиялар қолданылып жатыр.

Облыстық полиция департаменті автожолдардағы ахуалды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануды жалғастыруда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Әсіресе ауыр жол-көлік оқиғалары жиі болатын қала сыртындағы тасжолдарда патрульдік полиция батальоны дрондарды іске қосты.

Әуеден жүргізілген бақылау барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері тіркелуде. Атап айтқанда, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер анықталған.

Мәселен, Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі басып озу кезінде қарсы жолаққа шығып, ереже бұзған. Құқық бұзушылық дрон арқылы тіркеліп, жүргізуші заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Соңғы бірнеше күннің ішінде дрон көмегімен қарсы жолаққа шыққан 11 жүргізуші анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.

Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға ғана емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жолда өзара құрмет танытуға шақырады.