Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында инвестициялық ахуал мен бизнесті қолдау мәселелері талқыланды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев өңір кәсіпкерлері және инвесторларымен кеңейтілген кездесу өткізді.

Алқалы жиын аймақтағы кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерін ашық талқылауға, негізгі кедергілерді айқындауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және бизнесті қолдауға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға арналды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндетін жүктегенін атап өтті. Осыған сәйкес облыс экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру негізгі басымдықтар қатарында екені айтылды.

Соңғы үш жылда өңір экономикасына 1,8 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. 2025 жылы негізгі капиталға 764,5 млрд теңге бағытталып, 38,8 пайыздық өсім қамтамасыз етілді.

Облыстың инвестициялық қоржынында 2026-2029 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде 471 млрд теңгеге 47 жоба іске асырылып, 2,5 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.

– 2025 жылдың қорытындысы инвестициялық белсенділіктің артқанын көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі ұлғайып, жеке және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытында оң динамика қалыптасты.

Сонымен қтар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер қатынастары, өтемақы төлеу және инженерлік желілердің дайындығына қатысты мәселелер бар. Бұл кедергілерді жедел шешу – жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуының басты шарты.

Өңірде сапалы жобаларды іске асыру, инвестиция көлемін ұлғайту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасады. Әрбір кәсіпкердің бастамасы назардан тыс қалмайды, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Палата төрағасы ұйым қызметін уақыт талабына сай жаңғырту, бизнесті кәсіби қорғауды күшейту және мемлекеттік органдармен диалогты нығайту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Жиында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай 2025 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Ал облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев инвесторларды қолдау шараларының нәтижелеріне тоқталды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаев прокуратура органдарының инвесторлар мен бизнес құқықтарын қорғау бағытындағы қызметі туралы ақпарат берді.

Кеңейтілген кездесудің екінші бөлімінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың сұрақтары қойылып, өзекті түйткілдер талқыланды. 

Атап айтқанда, АулиеАтаТрансПасс ЖШС директоры Рашид Пірманов әлеуметтік тасымалдар саласындағы тариф қалыптастыру тетіктері, жылжымалы құрамды жаңарту және шығындарды субсидиялау мәселелеріне тоқталды. Ал жеке кәсіпкер Шолпан Кариева «Бір ауыл – бір өнім» жобасын жүзеге асыру барысында туындап отырған инфрақұрылымдық және қаржылық шектеулер жайын сөз етіп, жергілікті өндірушілерді қолдаудың тиімді құралдарын ұсынды.

Палата төрағасы барлық ұсыныстар мен пікірлер назарға алынып, орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылатынын жеткізді.

Кездесу естелік суретке түсумен қорытындыланды.