Жамбыл облысында полицейлер арасында самбодан облыс біріншілігі өтті
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және арнайы кубоктармен марапатталды.
Тараз қаласында "Динамо" спорт қоғамының 100 жылдығына орай самбодан Жамбыл облысының полиция қызметкерлері арасында облыс біріншілігі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап.
Жарыс Тараздағы «Динамо» спорт кешенінде өтті. Турнирге өңірдің әртүрлі аудандарынан келген 15 команда құрамындағы 68 спортшы қатысты. Спорттық бәсекенің негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, олардың спорттық дайындығын арттыру.
Салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді қатысушыларға сәттілік тілеп, жарысты ресми түрде ашты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысы самбо федерациясының президенті, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің бапкері Ғалымжан Жылгелдиев те қатысып, спортшыларға ізгі тілегін білдірді.
Жарыс жеті түрлі салмақ дәрежесі бойынша өтті. Қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындық пен ерік-жігер көрсетіп, тартысты белдесулер өткізді.
Командалық есеп қорытындысында:
І орын — Тараз қалалық полиция басқармасы;
ІІ орын — Қордай аудандық полиция бөлімі;
ІІІ орын — Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімі иеленді.