Жамбыл облысында үшінші «Жайлы мектеп» ашылды
Оқу орны Тараздағы «Ұлы дала» шағын ауданында орналасқан
Бүгін Тараз қаласында екінші «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Заманауи үлгідегі «Жайлы мектеп» 1200 орынға шақталған. Мұнда оқушылар үшін жаңа модификациядағы кабинеттер, спорт залдары, STEM-зертхана, кең асхана, кітапхана, спорт алаңы және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
«Жайлы мектептің» ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, құттықтау сөзін айтты. Аймақ басшысы мектепке интеракті панель сыйлап, алдағы уақытта облыста жалпы 12 «Жайлы мектеп» салу жоспарланғанын жеткізді.
Мектепке тапсырыс беруші - «Самұрық-Қазына» қоры. Қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың сөзінше, жобаны іске асыруға 1 млрд 58 млн 255 мың теңге қарастырылған.
Айта кетейік, биыл облыста құрылысы басталған 36 білім нысанының 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектеп құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ал, 2025 жылы қосымша 26 білім нысанының құрылысы басталмақ.