Жамбыл облысында табиғи өртті сөндіру бойынша оқу-жаттығу өтті
Шараның мақсаты трансшекаралық аумақтағы "табиғи өртті" сөндіру
Жамбыл ауданында өткен оқу-жаттығу жиынына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы қатысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар ауылдық округінің аумағында өткен табиғи өртті сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиынына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алдымен төтенше қызметтің, өрт сөндіру күштері мен өртке қарсы құрылымның әлеуетімен танысып, техникалардың дайындығын тексерді. Облыстық ТЖ Департаментінің бастығы Арман Тоқановтың сөзінше, арнайы тактикалық оқу-жаттығуға облыстың жергілікті атқарушы органдары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.
Сценарий бойынша табиғи өрт имитациясы кезінде төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісіне Жамбыл ауданы Қызыл-Қайнар ауылы ауданындағы таулы аумақта өрт тұтанып, Қырғыз Республикасының шектес аумағына көшу қаупі туралы ақпарат келіп түседі. Осы мәлімет түскеннен кейінгі әрекеттер бойынша атқарушы билікке ақпарат беріліп, арнайы жасақтардың өртке қарсы іс-қимылы орындалады. Оқу-жаттығудың тактикалық тәртібіне сәйкес өрт сөндіру барысы желдің күшеюімен күрделене түсіп, көп өтпей 35 гектар аумақтағы өрт толығымен сөндірілді. Мұндай жаттығу дайындық шарасы облыстың барлық аудандарында өткізілген.
"Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша лауазымды тұлғалар мен қатысушылардың өзара іс-қимылына талдау жасалады. Жалпы, жеке құрам қойылған міндеттерді іске асырды, сондай-ақ нақты жағдайларда тиісті міндеттерді орындауға дайын",- деді ТЖ Департаментінің бастығы Арман Тоқанов.