Жамбыл облысында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Әуежайлар мен вокзал маңында заңсыз такси қызметін ұсынушыларға қатысты шаралар қабылдануда
21 шілдеден бастап елімізде «Тасымалдаушы» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шара басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап.
Бұл шараның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың алдын алу, сондай-ақ осы саладағы заң талаптарының сақталуын бақылау.
Іс-шара аясында құрамына полиция қызметкерлері, көлік инспекциясы, мемлекеттік кірістер органдары мен қоғам өкілдері кіретін мобильдік топтар жұмыс істеуде. Олар бірлесіп рейдтер жүргізіп, түрлі заңбұзушылықтарды анықтауға бағытталған шаралар қабылдауда.
Тексеру барысында ресми тіркеусіз тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер, заңсыз автобекеттер мен қайта жабдықталған көлік құралдарына ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ такси қызметінде пайдаланылатын техникалық талаптарға сай келмейтін көліктер (оң рөлді, 4 есіктен аз, қолмен басқарылатын т.б.) де назарға алынады.
Сонымен қатар, шетел азаматтарының жеке тасымалдау кезінде көші-қон заңнамасын бұзу деректері де қарастырылып жатыр.
Шара барысында жол ережелерін қасақана бұзу (мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, балаларға арналған құрылғыларды қолданбау т.б.) деректері де қатаң бақылауда болады.
Барлық құқықбұзушылықтар "Қорғау" жүйесіне тіркеліп, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылады.