Жамбыл облысында тазалық акциясы аясында каналдар мен саябақтар тазаланды
Экологиялық шара басталғалы облыста 1600-ден астам сенбілік өткен
Бүгін Таразда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында каналдар мен саябақтар тазаланды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
500-ден астам еріктілер мен белсенді жастар және қала тұрғындары қатысқан акция «Денсаулық» саябағындағы «Қарасу-2» каналының жағалауында өтті. Мұнда су арнасы қалың қамыстан аршылып, демалыс аумағы толық тазаланды.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері Жамбыл облысында 816,6 шақырым канал мен арық қоқыстардан тазартылған. Бұл жұмыстарға еріктілер, жастар, тұрғындар қатысты.
Бүгінде Тараз қаласындағы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін 300 шақырымға жуық каналдар мен арықтар тазартылатын болады.
Бұған дейін аймақ басшысы облыс орталығындағы су каналдары мен арықтардың жай-күйімен танысып, кешенді тазалаудан өткізу бойынша қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын.
Соған сәйкес, қазіргі таңда 6 каналда механикалық тазалық жұмыстары басталып үлгерді. Жалпы, биыл қаладағы 8 канал тазаланады.