Жамбыл облысында тазалық акциясы кезінде тарихи таңбалар табылды
Сарысу ауданында жартастағы петроглифтерді археологтар "Таза аула. Таза өлке. Таза ел!" экологиялық акциясын өткізу кезінде тапты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Елімізде "Таза Қазақстан" республикалық ауқымды акциясы 10 сәуірде басталған. Экологиялық шараның "Киелі мекен" деп аталатын екінші апталығында Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштерінің аумағы абаттандырылды. Сарысу ауданында тазалық шарасы кезінде археологтар беймәлім петроглифтерді тапқан.
Мамандар бұл петроглифтерді қола, яғни ерте темір дәуіріне жатқызады. Олар Ақтоғай өзенінің сол жағалауындағы жартастарда, Ақтоғай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 шақырым жерде орналасқан. Суреттердің көпшілігінде сол кездегі адамдардың өмірі мен дүниетанымы, сонымен қатар, жануарлар бейнеленген.
Ғалымдар петроглифтерді әлі егжей-тегжейлі зерттеген жоқ. Ендігі уақытта түпкілікті ғылыми қорытынды жасалмақ. Ашылған "Ақтоғай петроглифтері" ескерткішінде Қазақстанның белгілі археолог-ғалымдарының қатысуымен кешенді ғылыми-археологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Айта кетейік, Сарысу ауданында палеолит қонысы - Бүркітті ауылында орналасқан. 1957 жылы археологтар 0,9—1,4 м тереңдіктегі қазба жұмыстары кезінде халцедоннан пышақ, трапеция тәрізді тас пен шыбықтарға ұқсайтын заттарды тапты. Табылған заттар тас дәуірінің соңғы кезеңіне жатқызылды.