Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында жаңа жобаның құрылысы басталды

Өңірде 2029 жылға дейін жалпы құны 5,9 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген

Т. Рысқұлов ауданында «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды құсшаруашылығы бағытындағы ірі жобасының құрылысы басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Ет бағытындағы құс шаруашылығын дамытуға арналған екінші санаттағы асыл тұқымды құс шаруашылығы репродукторының құрылысы Каменка ауылында жүргізіліп жатыр. Фабриканың іргетасын қалау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Маңызды шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жұмысқа сәттілік тіледі. 

Мұнан соң ауқымды әрі әлеуметтік маңызы бар жобаның құрылтайшысы «Әулиеата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова сөз алып, фабриканың өңір экономикасына қосатын үлесіне тоқталып өтті.

Игі істің бастауы ретінде жиында Қарақыстақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбай Оразбаев арнайы сөз алып, жаңа жобаның сәтті болуы үшін ақ батасын беріп, игі тілегін білдірді.

Ф.Жүнісова атап өткендей-ақ осы кезге дейін елімізде инкубациялық жұмыртқа (шикізат) тапшылығы анық сезілген екен. Мысалы, өңірдегі «Әулиеата Феникс» компаниясы осы уақытқа дейін инкубациялық жұмыртқаны Түркиядан тасымалдауға мәжбүр болған. Алайда, жаңа фабриканың іске қосылуы шетелдік өнімге тәуелділікті жойып, ішкі нарықты тұрақты әрі сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады деген сенім мол.

Аталмыш жоба облыстық «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,6 миллиард теңгеге және меншікті қаражаты есебінен 780 миллион теңгеге қаржыландырылыпты. Нәтижесінде жаңа 100 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазығы жаңадан қағылған кәсіпорынның жалпы қуаттылығы жылына 60 миллион инкубациялық жұмыртқа шығаруға есептелген. Құрылыстың бірінші кезеңінде Тұрар Рысқұлов ауданында жылына 10 миллион жұмыртқа өндіретін нысан іске қосылады.
Зауыттың жергілікті халық үшін маңызы зор. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің 70-80 пайызы осы ауылдың тұрғындары болады.