Жамбыл облысында жоғалған жетпістен аса жасөспірім табылды
Жоғалғандардың жартысынан көбі қыз балалар екені анықталды
Жамбыл облысында жыл басынан бері полицейлер мен еріктілер облыс аумағында жоғалған жетпістен астам жасөспірімді тапқан. Бұл туралы Жамбыл облысының Полиция департаменті хабарлады, деп жазады jambylinfo.kz.
Жыл басынан бері Жамбыл облысының полицейлері «Лидер KZ» еріктілерімен бірлесіп, жоғалған 77 жасөспірімді іздестіріп, олардың 68-ін сол күні тапты. Статистикалық мәліметке сүйене отырып, полицейлер балалар мен жасөспірімдердің өз бетінше кетуінің негізгі себептерін анықтады. Олар көбіне ата-аналарымен жанжалдасып, немесе олардан қорқып үйден қашады екен. Сонымен қатар, арасында қаңғыбастыққа салынған, еркелікпен және жауапсыздықпен осындай әрекетке баратындар кездеседі. Негізінен үйден мектепте оқитын балалар кетіп қалып жатады, ал колледж студенттерінде бұл жағдай сирек кездеседі. Кетіп қалатындардың 55 пайызы қыз балалар екені анықталып отыр.
Бүгінде Жамбыл облысының полицейлерімен бірге 25-68 жас аралығындағы 50-ден астам ерікті адамдарды іздеуге көмектесіп жатыр.
Осы кәмелетке толмағандардың өздерімен, ата-аналарымен және заңды өкілдерімен осындай деректерге жол бермеу бойынша профилактикалық әңгіме өткен.