Жамбыл облысында жоғалып кеткен 15 жастағы қыз 3 күннен соң табылды
Жамбыл облысында жоғалып кеткен 15 жастағы қыз 3 күннен соң табылды
Еске сала кетейік, осыдан үш күн бұрын Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылындағы 15 жасар қыздың үйінен таңертең белгісіз бағытта шығып кетіп, қайта оралмағандығы туралы хабарланған болатын. Жасөспірімнің ақыл-ойы артта қалған және үйден оқытылатын болған. Полиция қызметкерлері баланы іздеу бойынша дереу шаралар қабылдап, оған еріктілер де жұмылдырылған. Олар қызды 3 күн бойы іздеген. Ауыл және жақын аудандардың тұрғындары арасында сауалнама алынып, жасөспірімнің құрдастарымен және сыныптастарымен әңгіме жүргізілген. Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде жоғалып кеткен қызға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде қыз Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан табылды. Баланың айтуынша, ол әжесіне ренжіп, Тараз қаласындағы әпкелеріне барған. Жанжалдан кейін бойжеткен вокзал аймағына барып, өтіп бара жатқан көліктерден оны қалаға жеткізуін өтінген. Таразға жеткенде әпкелерінің үйінде жоқ екеніне көз жеткізген. Әлеуметтік желі арқылы танысына хабарласып, Жамбыл облысының Айша бибі ауылына барып, сонда 3 күн тұрақтаған. Оны полиция қызметкерлері тауып, ата-анасына жеткізді. «Бүгінде жоғалып табылған жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ»,-делінген хабарламада. inform.kz