Жамбыл облысында жолдардың сапасы қалай тексеріліп, сапасыз жол қалай анықталады
Жамбыл облысында тексерілген жолдардың жартысынан көбі талапқа сай болмай шыққан
Былтыр Жамбылда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жүргізген тексеру жұмысы облыстағы жоспарланған обьектілердің 93 пайызын қамтыды
2023 жылы өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдарда 2 мыңнан аса сынама алынса, республикалық маңызы бар жолдарда 700-ден аса үлгі зертханаға жөнелтілген. Нәтижесінде сынамалардың 51 пайызы талапқа сәйкес болмай шыққан, деп хабарлайды jambylifo.kz
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының бөлім басшысы Мадияр Мырзәлімовтың айтуынша, сапасыз жол салғаны үшін 2 инженер орнын босатқан. Бірқатар мердігерлерге айыппұл салынған. Сонымен қатар, 30 шақырым жол сүріліп, қайтадан төселген.
Айта кетерлігі, 2023 жылы анықталған ақаулардың саны 2022 жылға қарағанда едәуір көп. Өйткені «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» обьектілердегі сапаны келісім шарт арқылы қадағалайды. Соңғы жылы бұл көрсеткіш екі есеге көбейген. Сәйкесінше, сынама алынатын жолдардың саны артқан, анықталған кемшілік те аз емес. Мәселен, 2022 жылы облыстағы жолдардан мың сынама алынса, өткен жылы 2 мың үлгі зертханада тексерілген. Орталық қызметкерінің айтуынша, сынама алынатын аумақты тек мамандар ғана таңдайды. Тұрғындарға бұл жерде шектеу бар. Бірақ, өтініш-арыз жазса, істің мән-жайын анықтауға мамандар дайын.
Жалпы орталықтың облыстық филиалы өткен айда бірқатар кемшіліктердің алдын алып, оң көрсеткіштерге қол жеткізген.