Жамбыл облысында жолдардың жағдайына қатысты 9,5 мың ақау тіркелді
Жамбыл облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, жыл басынан бері 9500-ге жуық ақау анықталды.
2025 жылдың басынан бері өңірде автожолдарды тексеру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жеті ай ішінде жалпы 2 111 тексеру өткізіліп, 14 988 шақырым жол жабыны қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тексеру барысында бүлінген жол таңбалары мен жол инфрақұрылымының техникалық талаптарға сәйкес келмеуіне дейінгі түрлі сипаттағы 9 494 ақау тіркелді. Нәтижесінде жол ұйымдарына анықталған бұзушылықтарды жоюға бағытталған 2 111 нұсқама берілді.
Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Азамат Бақытұлы жолдардың жағдайы тұрақты бақылауды талап ететінін атап өтті.
Кемшіліктерді жою мақсатында тиісті мекемелерге 1 084 ақпараттық хат жолданды. Нұсқамалардың орындалуына бақылау жоспарлы түрде жалғасып жатыр.
Автожолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына және қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге байланысты облыс бойынша 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 31 әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жол ережесін бұзушыларды жасырын бақылау жүйесі енгізілді.