Жамбыл облысында жылына 36 млн кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды
Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды
Жамбыл облысында жылына 36 млн кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Байзақ ауданында орналасқан зауыт толық автоматтандырылған. Мұнда 15 адам жұмыс істейді. Өндіріс орны жылына 36 млн күйдірілген кірпіш жасауға қауқарлы.
Аталған өндіріс нысанының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңірдің инвестициялық әлеуеті артып келе жатқанын айтты. Мәселен, қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 245,5 млрд теңгені құрап, 57,5%-ға артқан. Сондай-ақ, биылғы жоспарға сәйкес облыста ірі инвестициялық жобалардың есебінен 115 млн АҚШ долларға тікелей шетелдік инвестициялар тартылады деп күтілуде.

Сонымен қатар биыл Байзақ ауданында 32,4 млрд теңгенің 122 инвестициялық жобасы мақұлданғанын атап өтті.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі зауытты аралап, жұмыс барысымен танысты.