Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ауқымды конференция өтті
Жамбыл облысының 85 жылдығы мен халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына арналған "Ғылым және инновация – өңірді дамытудың драйверлері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбай, сондай-ақ көршілес елдердің ғалымдары қатысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Ғылыми конференция облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауымен ашылды. Ол өз сөзінде мемлекетіміздің ғылым саласына ерекше көңіл бөліп, өнертабыстың көкжиегін кеңейтуге ден қойып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ аймақ дамуы да осы саламен тығыз байланысты екенін атап өтіп, 15 жылдық тарихы бар Мұртаза атындағы ХТИИ ұжымын құттықтап, бастамаларына сәттілік тіледі.
Бұдан соң Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбай Мемлекет басшысының жиынға жолдаған зор ықыласын жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі шараның мән-маңызы жоғары екенін айтып, мемлекет тарапынан ғылым саласын дамыту үшін жасалып жатқан нақты жұмыстарды айтып өтті.
Сондай-ақ Парламент мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін жіпке тізіп, құрылғанына 15 жолған институттың да бұл салаға үлес қосып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жиында ғылым саласында қажырлы еңбек еткен бірқатар мамандар марапатталды. Жалпы конференцияға 350-ден астам адам қатысты. Жиында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстаннан келген ғалымдар 4 бағыттағы секцияларға бөлініп, 280 баяндама жасады. Айта кету керек, конференция даму перспективаларын құру бойынша ғылыми ұсынымдар әзірлеуге, сондай-ақ ғылымды дамыту, инновацияларды жетілдіру, өңірлік даму драйверлері ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған. Ш. Мұртаза атындағы ХТИИ вице-президенті Махметғали Сарыбековтың сөзінше, ғалымдардың баяндамалары өңірдің инновациялық және инвестициялық әлеуетін арттыруға оң ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Ғылым күні өтіп жатыр. Осыған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізді.