Жамбылда 21 білім нысанының құрылысына 10,1 млрд. теңге бөлінген
Жамбылда 21 білім нысанының құрылысына 10,1 млрд. теңге бөлінген
Жамбыл облысы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен тікелей эфир өтуде. Онда Ержан Жұматұлы жаңа оқу жылына дайындық барысы және облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы туралы баяндауда.
Аймақ басшысы орынбасарының айтуы бойынша, облыста 5 апатты, 9 үш ауысымды, 8 орын тапшылығы бар мектептер бар. Ағымдағы жылы 21 білім нысандарының (14 мектеп, 3 мектепке қосымша ғимарат, 2 мектеп-интернатқа қосымша ғимарат, 1 колледжге қосымша ғимарат, 1 ескі жатақхана ғимаратын балаларға арналған өнер мектебі етіп қайта жаңғырту) құрылысын жүргізуге 10,1 млрд.теңге бөлінген.
– Жаңа оқу жылында Жамбыл ауданы Түрксіб ауылында 300 орындық орта мектеп пайдалануға беріледі. Ал, 7 мектептің және 3 мектепке қосымша ғимарат құрылыстары жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Яғни, жыл соңына дейін апатты жағдайдағы 3 мектептің, үш ауысымда жұмыс істейтін 1 мектептің, орын тапшылығы бар 3 мектептің, тозығы жеткен 2 мектептің мәселесі шешіледі. Қалған 2 апатты, 8 үш ауысымды, 5 орын тапшылығы бар мектептердің мәселелері 2021-2022 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі, – деді Е. Жылқыбаев.
Сондай-ақ, Тараз қаласында 2,8 млрд.теңгеге 1446 орынға жаңа 4 мектептің құрылысы басталған. Сонымен қатар, облыс бойынша 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 7,7 млрд.теңге бөлінді.
Бүгінгі күні Байзақ, Жуалы аудандарында 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 32 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызда, 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары келісім-шартқа сәйкес 30 қыркүйекте аяқталады деп күтілуде.