Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда 27 кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын көтерді

Жамбылда 27 кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын көтерді

Биыл Жамбыл облысындағы 27 кәсіпорын өз жұмыскерлерінің жалақысын 23 пайызға көтерген. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында айтылды. Аймақ басшысы жиында жұмысшылардың құқығын қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жалақы берешектерін жою және болдырмау, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған төменгі жалақы мөлшерін арттыру секілді мәселелерге айрықша тоқталып өтті. Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Есіркепов әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын реттеу және тұрақты бақылауда ұстау мақсатында жергілікті әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірлескен жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқанын жеткізді. Жыл басынан бері үшжақты комиссиялардың 75 отырысы өткен. Аталған комиссиялармен биыл барлығы 130 мәселе қаралып, оның 95-і жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімін тапқан. Қалған 35 іс азаматтық тәртіппен сотқа жолданған. - Тексерістердің қорытындысымен жұмыс берушілерге  27 орындалуы міндетті нұсқама беріліп, жалпы құны 1 560 595 теңгені құрайтын 12 айыппұл салынған. Бүгінгі күнге айыппұлдар толығымен мемлекет мүддесіне өндірілді. Сондай-ақ, есепті кезеңде 218,2 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, - деді баяндамашы. Есепті кезеңде 218,2 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Облыс әкімі жұмысшылардың құқығын қорғауда барлық кәсіпорындарда кәсіподақтар құрудың маңыздылығын тілге тиек етіп,  Еңбек саласын цифрландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, еңбек шарттарын E-HR жүйесіне енгізуге бағытталған жұмыстардың да өзектілігін баса айтты.  Осы орайдағы жұмыстары сылбыр бірқатар аудан және қала әкімдерінің жұмысы сынға алынды. - Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған төменгі жалақыны көтеру мәселесіне аудандық және қалалық үшжақты комиссиялардың белсенді түрде атсалысып, жоспарлы жұмыс атқару керек. Жалпы, жыл сайын жалақы инфляция деңгейінен кемінде 2 пайызға өсіп отыруы керек. Қосымша көздерді қарастырыңыздар. «Жұмыс жүргізіп жатырмыз, алдағы уақытта кемшіліктерді жоямыз», - деген сылтаулар қабылданбайды. Нәтижесі болмаса, ол жұмыстар кімге керек? Жалақы берешектерінің туындауына жол бермеуге тиіспіз. Жұмысшылар еңбегіне қарай жалақыларын уақытылы алып отыруы қажет. Сондай-ақ, тиісті төлемдерді аударуда да  мәселелер орын алмауын назарда ұстаңыздар, - деді Бердібек Сапарбаев.