Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда 300-ден астам жыр-термені жатқа білетін талант тұрады

Цифрлы дәуірдің дүбірі күшейіп, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар алға шыққан уақытта халық жадын арқалаған жыршылық өнердің де үні өшкен жоқ.

Қайта көмейіне қазына қонған жастар арқылы жаңғырып келеді. Сондай сирек дарынның бірі – жадында 300-ден аса жыр-термені сақтаған Бекарыс Көштаев. Оның зердесінде жыраулар дәуірінің сарыны сайрап тұрғандай.

Бекарыс Жәнібекұлы бүгінде облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында қызмет атқарып, кейінгі буынға көне өнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Жас та болса, он күндеп толғауға созылатын эпикалық жырларды жатқа айтатын термеші – дәстүрлі өнердің бүгінгі жалғастырушысы.

Көмейіне бұлбұл ұялаған Бекарыстың жасы 26-да. Өз өңіріміздің тумасы. Байзақ ауданы, Тегістік ауылының түлегі. Дарынды домбырашы әрі күйші. Ол П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алған.

Халықаралық, республикалық дәрежедегі бірнеше күйшілер байқауының, соның ішінде «Домбыраның қос ішегі» байқауының жүлдегері.

Бекарыстың «Ақбөпе-Сауытбек», «Жамбылдың жоқтауы», «Бауыржанға арнау», «Жамбылдың түсі» сынды жыртермелері әлеуметтік желіде кеңінен насихатталып жүр. Жас термешінің өзімен тілдестік.

Терме ғибратты, өнегелі сөздерден құрылады. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. Ерте замандардан бері келе жатқан термелер бүгінгі күні заманауи үлгіде айтылып жүр. Оны жалғастырушы осы Бекарыс секілді дарындар.