Жамбылда "Ғаламдық диалог шеңбері" форумы басталды

Аталған шара 10-11 сәуір күніне жоспарланған
Жамбылда Қазақстан Орталық Азия мен Әзірбайжан еріктілерінің басын қосқан "Ғаламдық диалог шеңбері" форумы басталды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің мәжіліс залында өтіп жатқан пленарлық сессияға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінен 70-тен астам делегат келді. Бұдан өзге еліміздің түкпір-түкпірінен қоғамдық істерге атсалысып жүрген еріктілер де жиналды.
Волонтерлік саласында тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және "Ұлттық волонтерлік желі" ЗТБ ұйымдастырған.
Жиынға бейнебайланыс арқылы қосылған Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова форумның волонтерлік қызметтің үздік тәжірибелерін ұсыну, еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылына ұсыныстар әзірлеу және өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамытуда көшбасшы ретінде Қазақстанның жетістіктерін танымал ету жөнінде маңызы зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ, университет ректоры Махметғали Сарыбеков еріктілердің қоғам өмірінде алар орны ерекше екенін жеткізді.
Іс-шараға қатысушылар волонтерлік саладағы кейстерді бөлісіп, тәжірибе алмасты және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Жиын барысында волонтерлер тұрақты даму жолында Халықаралық волонтерлер жылын өткізу бойынша жаңа бастамалар ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.