Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда балаларға арналған мәдени-тарихи экскурсия өтті

Экскурсия балалардың бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуге бағытталған.

   Тараз қаласында №3 мектеп-лицейінің оқушыларына өңірдің мәдени және тарихи орындарына танымдық экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап. 

Іс-шара Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен өтті. 

Оқушылар Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі — 1931 жылы құрылған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Мұнда олар өлкеміздің мыңдаған жылдық тарихынан сыр шертетін экспонаттармен танысты. Әсіресе ежелгі түркі жазбалары мен тас мүсіндер павильоны оқушылардың қызығушылығын оятты.

Сондай-ақ, балалар Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арналған естелік бұрышпен танысты. Сапар барысында оқушылар Айша-Бибі кесенесіне де барды. Мұнда аңызға толы махаббат хикаясы мен ортағасырлық сәулет өнерінің ерекшелігі жайлы мәлімет алды.

Күн соңында балаларға балмұздақ таратылып, экскурсия әсерлі әрі көңілді аяқталды.