Жамбылда балалар арасында сирек кездесетін ауру түріне ота жасалды
Жамбылда балалар арасында сирек кездесетін ауру түріне ота жасалды
Көкірек қуысының туа біткен даму ақаулары шамамен туған 1000 баланың бірінде пайда болады. 90 пайыз жағдайда оның сырттан байқалып тұратын "шұңқыр" тәрізді деформациясы болады. Ол бала өскен сайын жүрек соғысын қиындатып, жалпы өсіп келе жатқан ағза жұмысына кедергі келтіреді.
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімшесінде Шу ауданынан келген 16 жастағы қыз балаға туа біткен кеуде қуысының даму ақауына ота жасалды. Соңғы уақытта жасөспірімді ентікпе,қысылу, жүрек аурулары мазалағандықтан, қалыпты өмір сүру қалпынан айырылған.
Аурухананың бас дәрігері, ортопед-травматолог Сәтжанов Азаттың айтуынша, аурудың сыртқы көрінісі кеуде сүйегінің және оған бекіген қабырға бөлінісінің ішке түсіп тұруымен сипатталады. Қабырға доғалары аздап ашылған, эпигастрий аймағы аздап бұлтиған. Бұл жағдай - деформацияның жүрек қызметіне әсерін анықтайтын жанама белгісі. Бүйірлік рентгенограмманың көмегімен төстің қысылу тереңдігін анықтап, пациентке екінші дәрежелі «шұңқыр» тәрізді деформацияға байланысты торокапластика операциясы жасалды. Көкірек қуысындағы деформациялық орынға титанды пластика салынып, жоғары көтерілді, ол өз орнына біртіндеп түзеледі. Ота сәтті өтіп, қыздың дем алысы жақсарды, жүрек соғысы қалпына келтірілді.
Бүгінде қыздың жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Бірер күннен соң үйіне шығарылатын болады. Қыздың ата-анасы осындай отаны жасату үшін шет мемлекетке немесе Нұр-Сұлтанға баруға бел буғандарын, дегенмен ол өзіміздің аймақта жасалғандығына ризашылықтары шексіз екендігін жеткізді.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі