Жамбылда экология тазалығына селсоқ қараған әкімдер жазаланып жатыр
Экология департаменті қоқыс орындарына ғарыштық бақылау жүргізген
Жамбылда қоқыс орындары көбейген. Бұл алдымен тұрғындардың қоршаған ортаға деген құрметінің болмауынан деп отыр мамандар. Осы орайда Тараз қаласы аумағында кезекті рейд кезінде экология департаментінің мамандары қала шетіндегі қоқыс төгілген аумақты анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қаланы Байзақ ауданымен байланыстыратын жол жиегін белгісіз біреулер қоқыс алаңына айналдырған. Мұнда құрылыс қалдықтарынан бастап, тұрмыстық заттарға дейін шашылып жатыр. Бақылау болмауының салдары бұл. Сондықтан экология департаменті соңғы жылдары бейберекет орналасқан қалдықтарды ғарыштық бақылаумен жүзеге асырады.
Ғарыштық бақылаудың нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға оларды жою жөнінде нұсқамалар беріледі. Егер олқылық түзелмеген жағдайда жауапкершілікке тартады. Бүгінгі күні тиісті аумағын бақылауда ұстай алмаған бірқатар әкімдер жазаланып, айыппұл арқалаған.
Экологияны ластайтын бұдан бөлек сан түрлі фактор бар. Соның бірі – ескі көліктерден шығатын зиянды түтін. Жауапты органмен рейд «Таза ауа» шарасымен жалғасты. Мұнда жылжымалы зертхана қала көшелерінде қара түтінді будақтатқан жанармай, газ пайдаланылатын ескі көліктерді тоқтатып, зияндылығын тексерді. Шектен тыс қауіпті зат шығаратын автокөлік құралдарына полицейлер әкімшілік шаралар қабылдады. Іс-шара барысында жалпы 32 бірлік автокөлік тексеріліп, оның 14-і нормаға сай келмейтіні белгілі болды. Жалпы бұл рейдік шара облыста жылына екі рет өткізіледі.