Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда «Есірткісіз болашақ» ұранымен волейболдан турнир өтті

Турнирге ауданның ауылдық округтерінен 8 команда қатысты

Жамбыл облысының Байзақ ауданында 2014–2015 жылы туған қыздар арасында «Есірткісіз болашақ» атты аудандық волейбол турнирі өтті,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Спорттық іс-шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Байзақ аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, нашақорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі болып табылатын «Нығмет Нұры» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ аудандық әкімдіктің дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.

Жарыс бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында өтті. Турнирдің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және өскелең ұрпақтың бойында зиянды әдеттер мен есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру.

Турнирге ауданның ауылдық округтерінен 8 команда қатысты. Ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, жас спортшылардың жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «БЖ ДЮК» командасы, ІІ орынды «Байзақ ауданы» командасы, ІІІ орынды «№8 ОМБ ЖСМ» командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ жарыста жоғары деңгейде төрелік еткені үшін төрешілер Асланбек Сейтқұлов пен Ақназар Баймұрат алғыс хаттар табыс етілді. 

Мұндай іс-шараларды өткізу өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыруға және жастар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда маңызды рөл атқарады.