Жамбылда есту қабілеті шектеулі жастар арасында кәсіби чемпионат өтті

Есту қабілеті шектеулі жастар арасында кәсіби шеберлік чемпионаты өтті
Жамбыл облысында ерекше білім беруді қажет ететін жастар арасында кәсіби дағдыларды шыңдауға арналған «DeafSkills-2025» атты шеберлік чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Аталған шараны Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы бірлесе отырып өткізді. Чемпионаттың басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, олардың қоғамдағы белсенділігін көтеру және кәсіби бағытта қолдау көрсету.
Чемпионат екі негізгі бағыт бойынша өтті:
Сәндік қолданбалы өнер
Киімдерді үлгілеу және дизайн
Байқауға Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Тараз сервис және технология колледжінің талантты 12 студенті қатысып, өзара тәжірибе алмасып, қолөнер мен сән әлеміндегі өз шеберліктерін паш етті. Олар дайындаған жұмыстар көрмеге қойылып, қатысушылар мен қонақтардың жоғары бағасына ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар келесідей анықталды:
Сәндік қолданбалы өнер:
1 орын – Васильев Виктор Алексеевич
2 орын – Сәткен Ансар Дахияұлы
3 орын – Санақ Аслан Асанханұлы
Киімдерді үлгілеу және дизайн:
1 орын – Мұхтарқызы Мадина
2 орын – Бижан Дария Рахымқызы
3 орын – Люртяева Ангелина Игоревна
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, чемпионатқа белсене қатысқан барлық студенттер арнайы сертификаттармен марапатталды. Олардың еңбегін бағалап, әділқазылық еткен сарапшылар мен оқытушыларға алғыс хаттар тапсырылды.
«DeafSkills-2025» чемпионаты ерекше қажеттіліктері бар жастардың талантын тануға, олардың әлеуетін ашуға және қоғамға толыққанды интеграциялануына мүмкіндік берген жарқын алаңға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек.