Жамбылда грант алып кәсіп ашқандардың қатары артуда
Қайтарымсыз грантты қалай алуға болады, ол кімдерге беріледі?
Жамбыл облысында жыл басынан бері қайтарымсыз грант алған азаматтардың саны 507 адамды құрады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Әлібековтың айтуынша, биыл облыс бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтар үшін жұмыссыздықты азайтып, жаңа бизнес ашу мақсатында 1008 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1572800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланған.
Бүгінгі күнге дейін 501 азаматқа грант берілсе, қыркүйек айында олардың қатары тағы 6 адаммен толықты.
– Биыл 1008 азаматқа грант беру жоспарланған. Олардың 682- сі көпбалалы отбасылар, 186-сы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 79-ы мүгедек баланы тәрбиелеушілер, 42- сі асыраушысынан айырылғандар, 16- сы атаулы әлеуметтік көмек алушылар болса, 3-і қандастар. Қайтарымсыз грант қаражаты 44 азаматқа мал және құс шаруашылығы бағытында берілсе, 100 азаматқа түрлі қызмет көрсету саласы бойынша үлестіріліп отыр. Ал 56 азамат кондитер және нан өнімдері бағытында, 84 азамат тігін шеберханаларын ашуға алған. 31 адам жартылай фабрикаттар өндіру бағытын таңдаса, 8 азамат жиһаз өндірісін ашпақ ниетте. Қалған 62 грант иесі өндіріс саласын таңдаған болса, 43 азамат қоғамдық тамақтану бағытында жұмыс істеуде, – дейді Серік Айдарұлы.
Қайтарымсыз грантты қалай алуға болады, ол кімдерге беріледі? Басқарма басшысының сөзінше, әр адам грантты тек бір-ақ рет ала алады және грант қаражатына үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек екен. Яғни, мүгедектігі бар, «қандас» мәртебесіне ие адам, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушы.
Айрықша атап өтерлік жайт, қайтарымсыз грантқа үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Сертификаттың жарамдылық мерзімі алған күннен бастап үш жыл бойы жарамды.