Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда каннабис өнімдерін таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жамбыл облысында жүргізілген ұзақ мерзімді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде каннабис тобына жататын есірткі заттарын аса ірі көлемде өткізумен айналысқан төрт адамнан құралған қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту барысында 100 келіден астам кептірілген марихуана, 2 келіден артық гашиш және каннабис шайыры тәркіленген.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты есірткі заттарын өткізуге байланысты қосымша жеті дерек анықталып жатыр. Сонымен қатар, есірткіні өзге өңірлерге жеткізу арналары да тексерілуде.