Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда кедергілерге тап болған 21 инвестордың мәселесі шешілді

Сонымен қатар 4 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын қорғалды

Өңірде облыс прокуратурасының бастамасымен инвесторлар мен бизнес құқықтарын қорғау форумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, жергілікті мемлекеттік органдарының басшылары, бизнес қауымдастығының өкілдері және инвесторлар қатысты. 
Форумда жалпы өткен жылы инвесторлар құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыс қорытындыланып, кәсіпкерлер жиі кездесетін кедергілерді жою бойынша қабылданатын шаралар талқыланды. 
Облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаевтың айтуынша, былтыр облыста 21 инвестордың мәселесі оң шешімін тапқан. 

Сонымен қатар, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров биыл 3 трлн теңгеден астам инвестицияларды көздейтін 80 инвестициялық жобаның прокурорлардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті. 
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек баяндама жасап, өңірдегі инвестициялық саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Жамбыл облысының 41 инвестициялық жобасы платформаға енгізіліп, жол карталары жасақталған. 

Жиында қорытындылаған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев бизнестің құқықтарын қорғаудың өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, инвесторлар жаңа жұмыс орындарын құру мен жергілікті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда негізгі рөл атқаратынын айтты. 
Форумда өңірлік «Атамекен» ҰҚП базасында бизнестің проблемалық мәселелерінің біріккен реестрін құру туралы шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлердің сұрақтарын жүйелендіруге және тиімді шешімдер табуға мүмкіндік береді.