Жамбылда КВИ-мен ауырғандарды емдеу үшін 5 мыңға жуық төсек орын әзірленді
Жамбылда КВИ-мен ауырғандарды емдеу үшін 5 мыңға жуық төсек орын әзірленді
Күллі әлемді алаңдатып отырған коронавирустық инфекцияның таралуының болжалды екінші толқынына дайындық шаралары өңірде өз деңгейінде жолға қойылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде індеттің таралуының жаңа толқынына барлық денсаулық сақтау ұйымдарының дайын болуы керектігін тілге тиек етті. Бұл орайда облыстағы медициналық мекемелер эпидемиологиялық жағдайдың ушығуының барлық сценарийіне дайын.
– Инфекцияның таралуының жасыл деңгейінде науқастарды қабылдауға 750 төсек орны әзірленді. Оның ішінде реанимациялық 75 орын әзірленген. Бұл орындар жақында ғана жөндеу жұмыстарынан өткен бұрынғы Тараз қалалық перинаталдық орталығы және Т.Рысқұлов ауданындағы туберкулезді диспансерінен сайланды. Ал сары деңгейде орын алғанда төсек қоры 1 360-қа дейін ұлғайтылады. Мұндағы реанимациялық төсектердің саны 136-ны құрайды. Қызыл деңгей орын алғанда науқастарды дауасыз дерттен емдеу үшін инфекциялық стационарлардағы төсек қоры жалпы 2530 жеткізіледі. Оның ішінде реанимациялық төсектердің саны 253-і құрайтын болады.
Мұнан бөлек резерв ретінде 2000 төсек қоры дайындалуда, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Сондай-ақ облыстың Қырғыз Республикасымен шектесетін аумақтарында эпидемиологиялық ахуалды ушықтырмау үшін Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» қаулысына сай шекарадан өткен дене температурасы жоғары адамдарды COVID-19-ға зертханалық зерттеп-қарауды жүргізу үшін, оқшаулау мақсатында 165 төсек орынға арналған карантиндік стационар ашылды.
Жалпы қазір облыстағы эпидемиологиялық жағдай денсаулық сақтау мекемелерінің жіті назарында. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету, инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдары жанынан 214 ұтқыр әмбебап бригадалар ұйымдастырылған. Сондай-ақ дәріханаларда КВИ-ді емдеу хаттамасына сай дәрі-дәрмек қорын жасақтау, халықты тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде.