Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда мәслихаттардың құрылғанына 30 толуына орай ауқымды іс-шара өтті

Жиынға облыс әкімі қатысты

Биыл еліміздің мәслихаттарының тарихының бастау алғанына 30 толып отыр. Осы жылдар ішінде өкілді органдар институционалды түрде қалыптасып, өздерін сайлаушылар мүдделерінің шынайы демократиялық драйвері ретінде көрсетіп, халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие болып, халық пен жергілікті деңгейдегі биліктің өзара іс-қимылының негіз­гі жолына айналған мәслихаттар мерейлі мерекесі өңірімізде де аталып өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен басқосуға жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілетті органның барлық тармақтарының өкілдері қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәслихаттардың маңызы мен қоғамдағы рөліне баса мән берді.  

Ел Президентінің бастамасымен 2022 жылдан бері өткен бес ірі саяси науқанда жергілікті мәслихат депутаттары белсенді жұмыс атқарғанын атап өткен аймақ басшысы бірқатар азаматтарды марапататтады. Атап айтқанда, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Жарылқасын Өнетаев, облыстық мәслихат депутаты Талғат Сәрсембаев облысқа сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталса, Байзақ аудандық мәслихатының депутаты Мырзағали Мәдімаров, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Нышанбек Малдыбаев, Қордай аудандық мәслихатының депутаты Сергей Сидоренко мен Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты Сейітбек Көкімбаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. 

1994 жылы 7 наурызда облыстағы 35 сайлау округтерінде өткен сайлау нәтижесінде Жамбыл облыстық мәслихаты құрылғалы бері отыз жылдың ішінде өңірдің өркендеуіне бағытталған істердің ортасынан табылып, жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Әр жылдары мәслихат шешімдері уақыт талабына сай өзгеріп, алға қойылған мақсаттарға табандылықпен жетуге жол ашты. Жиында   әр жылдары өңірдің дамуына бағытталған шешімдерді қабылдауға атсалысқан II, III, IV, V шақырылымдардың депутаты, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Еркінбек Солтыбаев мәслихаттардың жергілікті басқарудың дамуына үлкен үлес қосқандығын тілге тиек етті.