Жамбылда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған отбасыларды салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ербол Қарашөкеев мемлекетімізде ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға, көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартуға тұрақты көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша үшінші орынды Дауылбаевтар (Талас ауданы) және Шайхиевтер (Меркі ауданы) отбасы иеленді. Екінші орын Омаровтар (Мойынқұм ауданы) мен Абдуалиевтердің (Жуалы ауданы) шаңырағына бұйырды. Бірінші орын Әлімбетовтер отбасына (Байзақ ауданы) табысталды.
Бас жүлдені Бектасовтар әулеті жеңіп алды.
Байқауда топ жарған отбасылар – ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Олардың арасында теміршолшылар, жұмысшы мамандар, кәсіпкерлер мен шаруалар, білім және мәдениет саласының майталмандары бар.
Жеңімпаздарға қаржылай сертификат табысталды (Бас жүлде – 700 мың, І орын – 600 мың, ІІ орын – 500 мың, ІІІ орын – 400 мың).
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында 2014 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлтты байқауына 2700-ден астам отбасы қатысқан. Олардың 60 пайыздан астамы – көпбалалы, ал 213-і – интернационалдық отбасылар.
Биыл конкурсқа Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 222 өтінім түсіп, олардың ішінен 22 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.