Жамбылда полиция 40 жыл құжатсыз жүрген тұрғындарға азаматтық алуға көмектесті
Нәтижесінде екі азамат жеке куәліктерін рәсімдеп, барлық қажетті құжаттарын қолдарына алды.
Жамбыл облысында көші-қон қызметінің қызметкерлері ұзақ жылдар бойы құжат мәселесін шеше алмай жүрген азаматтарға құқықтық көмек көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
1957 жылы Қырғыз Республикасында туған Фатима Акопян 1993 жылдан бері Қазақстанда тұрып келеді. Қазақстан азаматына тұрмысқа шығып, жеті баланы дүниеге әкелген ана тарихи және құжаттық қиындықтарға байланысты 33 жыл бойы «азаматтығы жоқ тұлға» мәртебесінде болған. Полицияға жүгінгеннен кейін көші-қон қызметінің мамандары оның құқықтық мәртебесін тексеріп, Қырғыз Республикасынан жеке басына қатысты қажетті құжаттарды сұратып, жинақтап, рәсімдеуге жәрдемдесті.
Осындай мәселемен тағы бір тұрғын — Гульназира Гайнетдинова да жүгінген. Ол 1986 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келген. Азаматтық алу барысында 40 жылға жуық түрлі қиындықтарға тап болған. Полиция қызметкерлері Ресей Федерациясына тиісті сұрау жолдап, азаматтығының бар-жоғын нақтылап, заң аясында құжаттарын жедел рәсімдеуге көмектесті.
Нәтижесінде екі азамат та жеке куәліктерін рәсімдеп, барлық қажетті құжаттарын қолдарына алды. Тұрғындар полиция қызметкерлерінің кәсібилігіне алғыс білдіріп, көрсетілген қолдауды ерекше атап өтті.
Бұл жағдай полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, азаматтардың құжаттық және құқықтық мәселелерін шешуге де белсенді түрде атсалысатынын көрсетеді.