Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда республикалық театр фестивалі басталды

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы мен Қазақстанның халық артисі, көрнекті театр қайраткері Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінің ашылу салтанатына қатысты.

Өңір басшысы театр ұжымын айтулы мерейлі мерекемен құттықтап, мәдениет пен өнердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

Қазақ театр өнерінің ардагері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов және Қазақстанның халық артисі, көрнекті актер Тұңғышбай Жаманқұлов мерейтойлық шараның мәні мен маңызына тоқталып, өздерінің құттықтауларын жеткізді.

Шара барысында бірқатар театр актерлары мен сала ардагерлері өңірдің мәдениет саласына қосқан үлесі үшін марапатталды.

Фестиваль аясында еліміздің өңірлерінен келген Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау театр ұжымдары өз қойылымдарын ұсынып, үздік туындыларымен сахна төрінде бақ сынайды.

Мерекелік шара барысында көрме ұйымдастырылып, А. Тоқпановтың шығармашылық мұрасы мен өмір жолы дәріптеледі.

Фестиваль үш күнге жалғасып, үздік қойылымдар мен актерлер арнайы номинациялар бойынша марапатталмақ.