Жамбылда спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 496 мың адамға жетті
Бұл облыс тұрғындарының 40,6 пайызын құрайды
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Жамбылда спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 496 мың адамға жеткен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, облыс тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 303 спорт нұсқаушы жұмыс істеп жатыр. Дене шынықтыру және спорт басқармасының дерегінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл спорт нұсқаушыларының қатары 23 адамға өскен. Осылайша облыстағы 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылып отыр. Облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталықтары ашылған.
Жыл басынан облыс бойынша барлығы 2 356 спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Аталған шараларға 190 мың адам қатысқан. Ал, мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға биыл облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде қазіргі таңда 65 орындаушы тарап 17 спорт түрі бойынша 4 пен 17жас аралығындағы 5 700 балалар мен жасөспірімдерді спорттық секциялармен тегін негізде қамтуда. Бұл үшін спорттық инфроқұрылым игілігі ауадай қажет. Мәселен, қазір облыста 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Басқарманың дерегінше, бүгінгі күні 805 облыс спортшысы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болып отыр. Ал, жамбылдық жас өрендер өткен жылы түрлі жарыстарға қатысып, 1655 медаль иеленген.