Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда танымал әндерді шығарған жігіт әскери борышын өтеп жүр

Оның танымал әндері халыққа жақсы таныс

Жамбылда танымал әнші жігіт әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

  «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Өнерде шек болған емес, оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік стилімен, өзгеше дауысымен ерекшеленіп, ән әлеміне жаңа леп әкелген жас әншілер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімді қызметтің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ғалымжан Дүйсенғазин.

Ғалымжан талай жасты талантымен таңғалдырған жас әнші. «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысы. Қазіргі уақытта «Gakku» арнасындағы «Это девочка по-порядна» әнінің бейнебаяны 22 миллионға жуық қаралым жинаған.Ғалымжан Дүйсенғазин 2003 жылы Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Отбасында үлкен әпкесі мен ағасы бар. Жас таланттың негізгі мамандығы режиссер болғанымен болашағын әншілікпен байланыстырады.

Әнге деген қызығушылық пен құмарлық Ғалымжанның бойынан бала кезінен бастап көріне бастаған. Ғалымжанның атасының да домбырамен тамылжыта ән айтатын қасиеті болыпты. Інісінің өнерге жақындығын байқаған ағасы Бақтияр туған күніне гитара сыйға тартқан екен. Мектепті 2020 жылы аяқтаған ол өзінің алғашқы әндерін жазуды бастайды. Халықтың көңілінен шығып, хитқа айналған әнін 2021 жылы жазып, тыңдармандарға 2023 жылы жол тартқан. Әуезді ән аз ғана уақыт ішінде тыңдармандары арасында кең тарап, көптеген жақсы пікір қалыптастырды. Енді таныла бастаған жас жұлдыз әскерге шақырту келгенде ойланбастан Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген.

– Өнер – таусылмас қазына. Әскерге дейін әншілікпен айналыстым. Бірі білсе, бірі біле бермейтін «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысымын. Бұдан басқа қоржынымда әскерге дейін де және әскер қатарында жүріп те жазған бірнеше әнім бар. Алдағы уақытта тың туындыларымды халықтың назарына ұсынатын боламын, – деген жауынгер әскери қызметі жөнінде де баяндап берді.

– Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінде еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған сарбаздар әскери борышын өтеуде. Біз шаһар көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету мен сотталғандарды айдауылдау секілді өзімізге сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып келеміз.Сарбаздар жауынгерлік қызметтен бос уақытта спортпен шұғылданады, кітаптар оқиды, ән айтып, өнерлерін шыңдайды. Одан бөлек түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық өмірдегі қызығушылықтарын жетілдіруге бар жағдай қарастырылған, – дейді Ғалымжан.

Әскерде жүріп 60-қа жуық ән жазған жас сазгер қызметтік міндетін өтеп болған соң туындыларына бейнебаян түсіруді жоспарлап отыр. Бөлімдегі бауырларындай болып кеткен сарбаздар да Ғалымжанның болашағы жарқын екеніне сенімді. – Ғалымжанның туған інісіндей болып кеттім. Ол өте қарапайым, жақынынан көмегін аямайтын жан. Онымен бір ротада әскери борышымды өтеп жүргеніме қуанамын. Әсем әндерімен көңілімізді көтеріп отырады. Әскерден кейін де байланысымыз үзілмейді деп сенеміз, – дейді қатардағы жауынгер Дарын Әмірхан.

Ал 5513 әскери бөлімінің тәрбие жөніндегі қызметкері Салтанат Әзімханның айтуынша, мұнда жауынгерлердің қалауына еш шектеу қойылмаған.

– Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойынан Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіздігімізді қорғау, ар-намысты биік ұстау, ұлтын сүю секілді патриоттыққа баулитын қасиетті ұғымдар жете танылуда. Соның арқасында бүгінде әскерге шақырылушылардың қатары өсуде.Әсіресе Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерінің қатарында қызмет еткісі келетін жастар легі көп. Бірқатары әскери борыштарын өтеп те жүр.

Барлығының жүректеріндегі айқын мақсат бір, ол – Отанын қорғау, берген әскери антына адал болу.Біздің әскери бөлімде сарбаздар үшін шығармашылық шектеу жоқ. Спортпен де щұғылданады, ән де жазады. Соның бір жарқын үлгісіндей Ғалымжанды алып қарауға болады. Ол сазгер, әнші ғана емес, қызметіне мұқият, ұқыпты сарбаз. Мен оны 9 айдан бері танимын. Әскери бөлімде өтетін мерекелік іс-шаралардың барлығына белсенді қатысып жүр. Әрі біздің тәрбие бөлімінің штаттан тыс мобилографы ретінде көп көмегін тигізеді, – дейді С.Әзімхан

Қазір ҚР ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінде 600 сарбаз әскери борышын өтеуде. Осы айдан бастап қатардағы 300-ден астам жауынгер запасқа шығарылпады. Ұлттық ұланның әнші сарбазы да үйіне қайтып өнерін өрістетуге дайын. Ғалымжан Дүйсенғазиннің әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.

Айта кетейік, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері туыстарымен және жақындарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесе алады 

ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев атап өткендей, сарбаздардың тыныс-тіршілігі бақылауға алынған. «Сарбаздар аналар комитетіне» хабарласуға болады, «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі іске қосылды, бұл сарбаздарға туыстарымен және жақындарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Срочники 2.0» цифрлық платформасы мерзімді қызметке шақырылушылардың рейтингін автоматты түрде анықтап, жоғары оқу орындарына бағыттайды. Бұдан басқа, «ARMIA.KZ» ақпараттық сервисі әзірленді.

«17 жастағы жастарды олардың қатысуынсыз әскери есепке қою процесі автоматтандырылды. Мерзімді әскери қызметке шақырылатын шақыру учаскелерінде тіркелген азаматтарды медициналық куәландыру процесін цифрландыру мақсатында медициналық ақпараттық жүйелерді өңірлердің шақыру пункттерімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Айта кететін жайт, 2024 жылға арналған оқу жоспарына сәйкес жеке құрамды тестілеу және жауынгерлік даярлық пәндерінен сынақтар тапсыру қазан айының соңына дейін жалғасады. Оның нәтижелері бойынша бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің деңгейі бағаланатын болады. 

Қонаев гарнизонында әскери қызметшілер тактикалық, арнайы, атыс, саптық, дене шынықтыру және басқа да даярлық түрлерін қамтитын жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерінен сынақтар тапсыруда. Әскери топография, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, жауынгерлік машиналар мен автомобиль техникасын жүргізу дағдыларынан білімдері тексеріліп жатыр. 

Қару-жарақ пен әскери техниканың жағдайы да зерделенуде. Бағынысты құрамаларда жауынгерлік даярлыққа басшылық ету бойынша лауазымды тұлғалардың жұмысын ұйымдастыру жүйесіне ерекше назар аударылады.