Жамбылда жәрмеңке жалғасуда
Жамбылда жәрмеңке жалғасуда
Бүгін Тараз қаласындағы әлеуметтік сауда орталығы мен «Grand bazaar» сауда кешенінің алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда Тараз қаласы мен Байзақ, Мойынқұм, Шу аудандары тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының сондай-ақ, «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлердің өнімдері төмен бағада ұсынылды. Жәрмеңкеде өткерілген тауарлардың жалпы құны 105,2 млн. теңгені құраса, көлемі 79,7 тоннаны құрайды. Оның ішінде 5,3 тонна ет, 1 тонна шұжық өнімдері, 1,1 тонна сүт өнімдері, 3 мың дана жұмыртқа, 0,2 тонна кондитерлік өнімдер мен 1,2 тонна макарон өнімдері, 1,3 тонна балық, 10 тонна қант, 3 тонна ұн, 0,4 тонна бал және 53,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Бүгінгі жәрмеңкеге Байзақ ауданындағы «Дәурен» шаруа қожалығы 1,5 тонна сиыр, жылқы және қой етін әкелсе, «Жафар» мен «Ағали» қожалықтары 0,7 тонна сүт өнімдерін әкеліпті. Сондай-ақ, Шу ауданындағы «Қалқа» шаруа қожалығы 2,5 тонна көкөніс, «Әбдікәрімова С.К» жеке кәсіпкерлігі 2 тонна «AIGERIM» атты макарон өнімдерін жеткізіпті. «Дәурен» шаруашылығының басшысы Маралбай Наурызбековтың айтуынша мұндай жәрмеңкелер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей халыққа сатуға көп септігін тигізеді екен. -Себебі, біздің өнімдеріміз ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдер. Ал, мұндай өнімдер ешқашан халықтың сұранысын төмендетпейді - дейді қожалық басшысы. Айта кету керек, облыс орталығында қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін 8 жәрмеңке өткізіліп, онда жалпы құны 899,1 млн. теңгені құрайтын 712,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары өткерілді.