Жамбылдан басқа өңірге қарасора тасымалдаушыларды ұстау үшін жедел шара басталды
Жамбылдан басқа өңірге қарасора тасымалдаушыларды ұстау үшін жедел шара басталды
Жамбыл облысында «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Есірткіні дайындау, тасымалдау деректерін анықтау және жолын кесу мақсатындағы шара 31 қазанға дейін жалғаспақ. Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов жедел алдын алу шарасы басталғанға дейін бірнеше күн бұрын дайындық мәселелері бойынша Шу ауданында кеңес өткенін айтты. Онда алға қойылған міндеттер анықталып, жедел іс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша нұсқау берілген. Жұмысқа барлық ведомстволық құрылымдар жұмылдырылған. «Жыл сайын полицейлер Жамбыл облысының құмды аймақтарынан басқа өңірлерге жабайы қарасораны шығару арнасын жабу бойынша операциялар жүргізеді», - деді Ж.Сүлейменов. Өткен жылы «Қарасора-2020» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша 574 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 139 дерек – есірткі қылмысы, 435 – қылмыстық теріс қылық. Есірткі қылмыстарының ішінде есірткіні өткізудің – 73 дерегі, 38 – аса ірі мөлшерде сақтау, 3 – есірткі контрабандасы және 25 құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 2 тонна 867 келі түрлі есірткі тәркіленді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бірлесіп, есірткіні өртеу, шабу, жерді аудару, сондай-ақ улы химикаттарды қолдану жолымен жою шараларын тұрақты негізде жүзеге асыруда. Полиция генерал-майоры, сонымен қатар, есірткі бизнесіне қарсы күрес – алдын алу, ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу, граффити-жазбаларды жою секілді тағы бірнеше бағытта жүргізілетінін атап өтті.